Респираторлық аурулар тудыратын вирустар күзгі-қысқы маусымдарда, яғни суық және құрғақ ауада тез таралады. Тұмау ЖРВИ тобына жатқанымен мұны жай ғана суық тиюмен шатастырмау керек, өйткені өкпе, жүрек, ми қабынуының асқынуына әкеп соқтыруы ықтимал. Бүгін біз "маусымдық" тұмаудан қорғану жолдары мен не үшін вакцина алу қажет екені жайында айтамыз.
Тұмау белгілері қандай?
• дене қызуының көтерілуі;
• жалпы әлсіздік;
• жөтел;
• бас ауыруы;
• бұлшықет пен буын ауыруы;
• мұрыннан су ағу;
• тамақ ауруы және басқа да симптомдар.
Тұмау не үшін қауіпті?
Тұмау ауыр жағдайға, тіпті өлімге әкелуі мүмкін. Әсіресе, егде адамдар, кішкентай балалар мен жүкті әйелдер, диабет, жүрек ауруы немесе өкпенің созылмалы обструктивті ауруы секілді созылмалы аурулары бар науқастар үшін қауіпті. Жыл сайын 65 жастан асқан шамамен 60 мың адам тұмаудан қайтыс болады. Көп елде вакцинамен қамту төмен деңгейде, сол себепті жыл сайын қысқы маусымда, өкінішке қарай, қатер тобындағылар тұмаудан көз жұмады.
Тұмаудан қорғану үшін не істеу қажет?
• қолды үнемі сабындап мұқият жуыңыз;
• ауырып тұрғаныңызды сезсеңіз үйден шықпаңыз және маска тағыңыз;
• қоғамдық орындарда әлеуметтік арақашықтықты сақтаңыз;
• жыл сайын тұмауға қарсы екпе салдырыңыз.
Тұмауға қарсы екпені кімдер салдыруы керек?
Тұмауға қарсы екпе иммунитетке тұмау вирустарынан қорғануға көмектеседі және тұмаудың ауыр ағымы, одан өліп кетуден қорғайды. Вакицнаның тиімділігі әр жылы әрқалай, бұл – вирус түріне және олардың вакцина компоненттерімен сәйкестілігіне, оны алған адамның денсаулығы мен жасына байланысты. Вакцина 18-64 жас аралығындағы сау адамдардың шамамен 60%-ының тұмау жұқтыруының алдын алады.
Тұмау вирусына қарсы иммунитет қалыптасуы үшін вакциналаудан кейін кем дегенде 2 апта уақыт қажет.
Екпені қашан салдырған жөн?
Вакцинаны тұмау маусымы басталмас бұрын алған жөн. Халықты тұмауға қарсы вакциналау науқаны Қонаев қаласында 1 қазанда басталды. Вирустың маусымдық айналымы басталғанша, яғни 30 қазанға дейін жалғасады. Дегенмен вакцинаны қай кезде алсаңыз да кеш емес, тіпті вирус айналымда болған кезде де салдыруға болады.