Сыбайлас жемқорлықтың негізгі ұғымдары мен белгілері

Мемлекеттiк мiндеттердi атқаратын адамдардың, сондай-ақ соларға теңестiрiлген адамдардың лауазымдық өкiлеттiгiн және соған байланысты мүмкiндiктерiн пайдалана отырып не мүлiктiк пайда алу үшiн олардың өз өкiлеттiктерiн өзгеше пайдалануы, жеке өзi немесе делдалдар арқылы заңда көзделмеген мүлiктiк игiлiктер мен артықшылықтар алуы, сол сияқты бұл адамдарға жеке және заңды тұлғалардың аталған игiлiктер мен артықшылықтарды құқыққа қарсы беруi арқылы оларды сатып алуы сыбайлас жемқорлық деп ұғынылады («Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңының 2-бабы 1-тармағы).

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңында, сондай-ақ өзге заңдарда көзделген, заңдарда белгiленген тәртiптiк, әкiмшiлiк және қылмыстық жауапкершiлiкке әкеп соқтыратын сыбайлас жемқорлықпен жымдасқан немесе сыбайлас жемқорлық үшiн жағдай туғызатын әрекеттер сыбайлас жемқорлыққа байланысты құқық бұзушылықтар (сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар) болып табылады.

Тәртіптік сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар

(«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заң бойынша)

12-бап. Сыбайлас жемқорлыққа жағдай туғызатын құқық бұзушылықтар және олар үшiн жауапкершiлiк

1. Мемлекеттiк мiндеттердi атқаруға уәкiлеттiк берiлген адамдардың немесе соларға теңестiрiлген адамдардың мынадай:

1) басқа мемлекеттiк органдардың, ұйымдардың қызметiне заңсыз араласу;

2) аталған адамдардың не олардың жақын туыстары мен жекжаттарының материалдық мүдделерiн қанағаттандыруға байланысты мәселелердi шешу кезiнде өздерiнiң қызметтiк өкiлеттiгiн пайдалану;

3) мемлекеттік қызметке және мемлекеттік ұйымдарға және жарғылық капиталындағы мемлекеттің үлесі елу пайыздан көп болатын ұйымдарға, оның ішінде акционері мемлекет болып табылатын ұлттық басқарушы холдингтерге, ұлттық холдингтерге, ұлттық компанияларға, ұлттық даму институттарына, олардың дауыс беретін акцияларының (қатысу үлестерінің) елу пайызынан астамы өздеріне тиесілі еншілес ұйымдарына, сондай-ақ дауыс беретін акцияларының (қатысу үлестерінің) елу пайызынан астамы көрсетілген еншілес ұйымдарға тиесілі заңды тұлғаларға қызметке тұратын және қызметін жоғарылататын кезде заңда көзделмеген артықшылықтар беру (тамыр-таныстық, отбасылық жақындық).

4) шешiмдер әзiрлеу мен қабылдау кезiнде заңды және жеке тұлғаларға заңсыз артықшылық көрсету;

5) кiмге болса да табыс алуға байланысты кәсiпкерлiк және өзге де қызметтi жүзеге асыруда заңдарда көзделмеген кез келген жәрдем көрсету;

6) мемлекеттiк мiндеттерiн атқару кезiнде алынған ақпаратты, егер ол ресми жариялауға жатпайтын болса, жеке немесе топтық мүдделерге пайдалану;

7) берiлуi заңдарда көзделген ақпаратты жеке және заңды тұлғаларға беруден негiзсiз бас тарту, оны кешiктiру, бұрыс немесе толық емес ақпарат беру;

8) жеке немесе заңды тұлғалардың табыс етуi заңдарда көзделмеген ақпаратты бұл тұлғалардан талап ету;

9) мемлекеттiк қаржы ресурстары мен материалдық ресурстарды жекелеген кандидаттардың сайлау қорына беру;

10) жеке және заңды тұлғалардың арыз-өтiнiштерiн қараудың және өз құзыретiне кiретiн өзге де мәселелердi шешудiң заңда белгiленген тәртiбiн әлденеше рет бұзу;

11) жоғары тұрған ресми адамдардың лауазымдық өкілеттіктерін пайдалана отырып мүліктік пайда, игіліктер не артықшылықтар алу үшін аталған адамдарға сыйлықтар тарту және қызметтен тыс қызмет көрсету;

12) жеке немесе заңды тұлғаларға олардың құқықтары мен заңды мүдделерiн iске асыруда көрiнеу кедергi жасау;

13) кәсiпкерлiк қызметтi мемлекеттiк реттеу, сондай-ақ оған бақылау жасау және қадағалау өкiлеттiгiн сондай қызметтi жүзеге асырушы жеке немесе заңды тұлғаларға беру;

13-1) мемлекеттік бақылау мен қадағалау міндеттерін мемлекеттік орган мәртебесі жоқ ұйымдарға беру;

14) қызметi немесе жұмысы жөнiнен жоғары немесе төмен тұрған не өздерiмен өзге де түрде тәуелдi лауазымды адамдармен ақша немесе өзге де мүлiк салынатын сипаттағы құмар ойындар ойнауға қатысу әрекеттерi сыбайлас жемқорлыққа жағдай туғызатын құқық бұзушылықтар болып табылады.

 2. Мемлекеттiк мiндеттердi атқаруға уәкiлеттiк берiлген адамдардың немесе оларға теңестiрiлген адамдардың осы баптың 1-тармағының 1), 6), 7), 8), 10), 11), 12), 14) тармақшаларында аталған қандай да болсын құқық бұзушылықтарды жасауы, егер онда қылмыстық жазаланатын әрекеттiң белгiлерi болмаса, қызметiнен төмендетуге, ал төмен тұрған бос лауазым болмаған жағдайда – заңда белгiленген тәртiппен қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту түрiнде тәртiптiк жаза қолдануға әкеп соғады.

 Алғашқы құқық бұзушылық үшiн тәртiптiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жылдың iшiнде аталған құқық бұзушылықтардың кез келгенiн қайталап жасау заңда белгiленген тәртiппен қызметiнен босатуға немесе мемлекеттiк мiндеттердi атқарудан өзгедей түрде босатуға әкеп соғады.

 Мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкiлеттi адамдардың немесе оларға теңестiрiлген адамдардың осы баптың 1-тармағының 2), 3), 4), 5), 9), 13), 13-1) тармақшаларында аталған қандай да бiр құқық бұзушылықтарды жасауы, егер онда қылмыстық жазаланатын әрекет белгiлерi болмаса, заңда белгiленген тәртiппен қызметiнен босатуға немесе мемлекеттiк функцияларды орындауын тоқтатуға әкеп соғады.

3. Қазақстан Республикасы Парламентiнiң депутаттары немесе «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңның 3-бабы 3-тармағының 2) тармақшасында аталған адамдар осы баптың 1-тармағында аталған құқық бұзушылықтардың қандайын болса да жасаған жағдайда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүргiзушi органдар бұл жөнiнде тиiстi сайлау комиссиясына хабарлайды, ол бұларды материалдар келiп түскен күннен бастап бес күннiң iшiнде Парламенттiң назарына жеткiзуге мiндеттi.

13-бап. Игiлiктер мен артықшылықтарды заңсыз алуға байланысты сыбайлас жемқорлықпен құқық бұзушылықтар

1. Мемлекеттiк мiндеттердi атқаруға уәкiлеттiк берiлген адамдардың немесе оларға теңестiрiлген адамдардың мынадай әрекеттерi игiлiктер мен артықшылықтарды заңсыз алуға байланысты сыбайлас жемқорлықпен құқық бұзушылықтар болып табылады:

1) өздерiнiң мемлекеттiк немесе оған теңестiрiлген мiндеттерiн атқарғаны үшiн, егер заңдарда өзгедей көзделмесе, өзi тиiстi мiндеттердi атқармайтын ұйымдардан, сондай-ақ жеке тұлғалардан ақша, көрсетiлетiн қызмет және өзге де нысандар түрiнде кез келген сыйақы қабылдау.

Мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкiлеттiк берiлген адамның немесе оған теңестiрiлген адамның шотына көрсетілген адам хабардар етілмей келiп түскен ақша, сондай-ақ оның осы тармақшаның бiрiншi абзацын бұза отырып, тиісті функцияларды орындауына байланысты алған қаражаты олар анықталғаннан кейiн екi аптадан аспайтын мерзiм iшiнде тиiстi мемлекеттік кіріс органына мұндай қаражаттың түсуiнiң мән-жайы туралы түсiнiктеме табыс етiле отырып, республикалық бюджетке аударылуға жатады;

2) өзiнiң мемлекеттiк немесе оған теңестiрiлген мiндеттерiн атқаруына байланысты не қызметi бойынша өздерiне тәуелдi адамдардан жалпы қамқоршылығы немесе қызметінде бетімен жібергені үшін сыйлықтар алу немесе қызметiн қабылдау.

Аталған адам бiлмей келiп түскен сыйлықтар, сондай-ақ оның осы тармақшаның бiрiншi абзацын бұза отырып тиiстi мiндеттердi атқаруына байланысты алған сыйлықтары жетi күн мерзiм iшiнде арнаулы мемлекеттiк қорға тегiн өткiзiлуге тиiс, ал адамға нақ сондай жағдайлар кезiнде көрсетiлген қызмет үшiн республикалық бюджетке ақша қаражатын аудару арқылы ақы төлеуге тиiс. Өзiне сыйлықтар келiп түскен адам жоғары тұрған лауазымды адамның келiсiмiмен оларды аталған қордан тиiстi жерде қолданылып жүрген нарықтық бөлшек сауда бағасы бойынша сатып алуға хақылы. Сыйлықтарды сатудан түскен ақша қаражатын арнаулы мемлекеттiк қор республикалық бюджетке аударады;

3) жұбайының (зайыбының), туыстарының шақыруы бойынша олардың есебiнен;

егер қарым-қатынасы шақырылатындардың қызметтiк iс-әрекетiнiң мәселелерiн қозғамаса, өзге де жеке тұлғалардың шақыруы бойынша (жоғары тұрған лауазымды адамның немесе органның келiсiмiмен);

Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына немесе Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органдары мен шет мемлекеттердiң мемлекеттiк органдарының арасындағы өзара уағдаластыққа сәйкес тиiстi мемлекеттiк органдардың және (немесе) халықаралық ұйымдардың қаражаты есебiнен жүзеге асырылатын;

жоғары тұрған лауазымды адамның не органның келiсiмiмен, ұйымдардың қаражаты есебiнен ғылыми, спорттық, шығармашылық, кәсiби, гуманитарлық шараларға қатысу үшiн жүзеге асырылатын, оның iшiнде осындай қоғамдық бiрлестiктердiң (қорлардың) жарғылық қызметi шеңберiнде жүзеге асырылатын сапарларды қоспағанда, шетел, сондай-ақ Қазақстан Республикасының жеке және заңды тұлғаларының есебiнен мемлекетішiлiк және шетелдiк туристiк, емдеу-сауықтыру және өзге де сапарларға шақыруды қабылдау;

4) несиелер, қарыздар алуда, бағалы қағаздар, жылжымайтын және өзге де мүлiктер сатып алуда заңдарда көзделмеген артықшылықтарды пайдалану.

2. Мемлекеттiк мiндеттердi атқаруға уәкiлеттiк берiлген адамның немесе оған теңестiрiлген адамның отбасы мүшелерiнiң аталған адам қызметi бойынша байланысты шетел, сондай-ақ Қазақстан Республикасының жеке және заңды тұлғаларының есебiнен сыйлықтар мен қызмет, туристiк, емдеу-сауықтыру және өзге де сапарларға шақыруды қабылдауға құқығы жоқ. Мемлекеттiк мiндеттердi атқаруға уәкiлеттiк берiлген адам немесе оған теңестiрiлген адам жетi күн мерзiм iшiнде өзiнiң отбасы мүшелерi заңсыз алған сыйлықтарды арнаулы мемлекеттiк қорға тегiн өткiзуге және республикалық бюджетке ақша қаражатын аудару арқылы өз отбасы мүшелерi заңсыз пайдаланған қызмет құнын өтеуге мiндеттi.

3. Мемлекеттiк мiндеттердi атқаруға уәкiлеттiк берiлген адамның немесе оған теңестiрiлген адамның осы баптың 1 және 2-тармақтарында аталған сыбайлас жемқорлықпен құқық бұзушылықтардың қандайын болса да жасауы, егер онда қылмыстық жазаланатын әрекет белгiлерi болмаса, қызметiнен босатуға немесе мемлекеттiк функцияларды орындауын тоқтатуға әкеп соғады.

4. Қазақстан Республикасы Парламентiнiң депутаттары немесе «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңның 3-бабы 3-тармағының 2) тармақшасында көрсетiлген адамдар осы баптың 1 және 2-тармақтарында көрсетiлген құқық бұзушылықтардың қандайын болса да жасаған жағдайда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүргiзушi органдар бұл жөнiнде тиiстi сайлау комиссиясына хабарлайды, ол материалдар келiп түскен күннен бастап бес күннiң iшiнде оларды Парламенттiң назарына жеткiзуге мiндеттi.