Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы

            Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы – ортасында шұғылалы күн, оның астында қалықтап ұшқан қыран бейнеленген тік бұрышты көгілдір түсті мата.
Тудың сабының тұсында ұлттық өрнек тік жолақ түрінде нақышталған. Күн, оның шұғыласы, қыран және ұлттық өрнек бейнесі алтын түстес. Тудың ені мен ұзындығының арақатынасы – 1:2

          Мемлекетіміздің ресми ерекшелік белгісі, еліміздің егемендігінің нышаны Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туы 1995 жылдың 24 қаңтарындағы Қазақстан Республикасы Президентінің Конституциялық Заң күші бар «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік нышандары туралы» жарлығымен белгіленген.

          Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы, көгілдір түсті матаның ортасында алтын күн бейнесі мен шарықтай ұшқан дала қыраны бүркіт және ұлттық ою – өрнекпен нақышталған тік жолақтан тұрады.

КӨК ТҮС

          Тудың көгілдір бір түстілігі, бұлтсыз ашық аспан күмбезін еске түсіреді және Қазақстан халқын бір жолды ұстауға, биік те игілікті идея бірлестігіне шақырады.

          Зеңгір көк ашық аспан, барлық халық үшін әрқашан бейбітшіліктің аманшылық пен тыныштықтың белгісі болған.

          Елтаңба тану ғылымы – геральдика тілінде, көк түс адалдықтың кіршіксіз тазалық пен бейкүні пәктіктің нышаны. Көне түркі тілінде, яғни барлық түркі тілдес халықтар тілінде «көк» сөзі «аспан» деген ұғымды білдіреді.

          Мемлекеттік Тудағы көк түс Қазақстан халқының өз мемлекетін құру жолындағы ниетінің тазалығын және маңыздылығын білдіреді.

ӨРНЕК

          Өрнек – белгілі бір дәуірдің өзіне тән қолтаңбасы, ол халықтың көркемдік талғамының көрсеткіші. Ғасырдан ғасырға жалғасып, бізге жеткен қазақтың ұлттық ою-өрнегінің ең көп тараған түрі зооморфтық өрнек – «қошқар мүйіз». Ерте кезде халық ою-өрнектің бойынан адамды зұлымдықтан желеп-жебеп, қорғайтын керемет күш көрген.

КҮН

          Күннің нұр шұғылалы алтын бейнесі байлық пен берекенің, тыныштықтың нышаны. Сары түс – қамбат асыл металдың, алтынның, ай мен күннің, түпсіз тұңғиық қараңғылықтан шашырап шыққан жарықтың, одан жаратылған ғарыштың түсі. Күн мәңгілік қозғалыстың, даму процесінің, үнемі өсу мен өшудің, өмір мен өлімнің, батыс пен шығыстың символы. Күн – уақыт өлшемі.

БҮРКІТ

          Ежелгі көк тәңірі Аспан мен күнге жақындап, шарықтай ұшатын құс патшасы, қыран бүркіт аса қасиетті де құдіретті.

          Қыран кең дала биігінде жеке, дара ұшады. Осыдан барып, бүркіт бейнесіне айбындылық, еркіндік тәуелсіздік, бостандық, тәкәппарлық, биік ой – мақсат, қырағылық, намысқойлық тән. Сол себепті де ол көреген, қырағы, болжағыш. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туындағы дала қыраны қазақстандықтардың жомарттығы мен қырағылығын, ой – ниетінің биіктігін білдіреді.

Авторы: ШӘКЕН НИЯЗБЕКОВ.


Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы

            Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы – дөңгелек нысанды және көгілдір түс аясындағы шаңырақ (киіз үйдің жоғарғы күмбез тәрізді бөлігі) түрінде бейнеленген, шаңырақты айнала күн сәулесіндей тарап уықтар шаншылған. Шаңырақтың оң жағы мен сол жағында аңыздардағы қанатты пырақтар бейнесі орналастырылған.
             Жоғарғы бөлігінде – бес бұрышты көлемді жұлдыз, ал төменгі бөлігінде «Қазақстан» деген жазу бар. Жұлдыздың, шаңырақтың, уықтардың, аңыздардағы қанатты пырақтардың бейнесі, сондай-ақ «Қазақстан» деген жазу – алтын түстес

«Герб» - деген термин немістің «Erbe» - мұра, поляктың «herb» - белгі деген сөзінен шыққан. Дәл осы ұғымды, өз тіліміздегі «таңба» сөзі анық жеткізеді. Яғни мұралық ерекшелік белгі – ел иелерінің тарихи дәстүрлеріне бейнелі түрде мән – мағына беретін заттар мен бейнелердің таңбасы.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасында көгілдір түс аясында шаңырақ бейнеленген, шаңырақты айнала күн сәулесіндей тарап уықтар шаншылған, оны аңыз әңгімелердегі пырақтар қанаты көмкеріп тұр. Елтаңбаның жоғарғы жағында бес бұрышты жұлдыз, ал төменгі жағында «Қазақстан» деген жазу бар.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасының реңдік бейнесі – алтын және көгілдір түсті.

ШАҢЫРАҚ

          Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Елтаңбасының ең басты жүгін көтеріп, оған негізгі арқау болып тұрған – шаңырақ.

          Шаңырақ – әлемнің тұтастығын, ошақтың амандығын білдіреді.

          Шаңырақ бейнесі – бүкіл қазақ елі үшін тіршіліктің, шексіз өмірдің нышаны.

ТҰЛПАР

          Қазақта «Ер қанаты-ат» деген мақал бар. Тұлпар – дала пырағы, оның ғажайып, көзге ілінбес шапшаңдығы ержігітті жеңіске, тәуелсіздікке, бостандыққа жетелейді. Тұлпар – күннің, қозғалыстың, тұрақтылықтың символы. Ол – биік арманның, шығармашылық шабыттың, қажырлылық пен қайраттылықтың нышаны.

ЖҰЛДЫЗ

          Елтаңбаның маңдайшасына бес бұрышты жұлдыз салынған. Әр адамның өміріне бағдар беретін өз жұлдызы болады. Осындай жұлдыз мемлекетке де қажет. Біз де өз мемлекетіміздің жұлдызы жарық әрі биік болып әр бір қазақстандық азамат, сол жұлдыздың салған жолына сеніп, қиын уақытта оны бағдарға алып, әрқашан жаңа жолға, болашаққа жетелейтініне сенім артуымыз керек!

Авторлары: Шота Уалиханов

Жандарбек Мәлібеков


Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимні

ГИМН

Гимн, гректің «hunos» - салтанатты ән, ұран деген сөзінен шыққан. Мемлекеттік гимн халық жүрегінің лүпілін танытып, адамдарды патриоттық сезімге бөлейтін музыкалық бойтұмар іспеттес. Оның әуенінен отанға деген сүйіспеншілік, атамекенге шексіз берілгендік аңғарылса, сөзінен рухани жан-дүниемізді танытар ұлттық қасиетіміз бен бейбіт пейіліміз, досқа ашық құшағымыз, еркіндікке құштар кең көңіліміз жақсы көрініс тапқан. Мемлекеттік Гимн – егеменді еліміздің Туы мен Елтаңбасының сазды баламасы.

Сөзін жазғандар: Нұрсұлтан Назарбаев

Жұмекен Нәжімеденов 
Текст Гимна РК