Қазіргі уақытта Біріккен Араб Әмірліктерінде (Дубай қаласы) өтіп жатқан бірінші «Latifa Hospital Pregnancy” саммитіне, Қонаев қалалық көпсалалы ауруханасының акушер-гинеколог дәрігерлері Жұмадуллаева Гүлжахан Сыздыққызы мен Елеусізова Назгүл Асқарқызы қатысуда. Үш күнге созылатын халықаралық ғылыми конференцияға әлемнің түкпір-түкпірінен спикерлер жиналды. Дүниежүзінің әр елінен келген танымал дәрігерлер стандартты пренатальды күтімнің бөлігі болып табылатын жүктілік қаупін бағалауға қатысты әртүрлі тақырыптарды талқылауда. Самитте отбасылық денсаулық тарихы мен генетикалық тестілеудің ерекше маңызды екендігі атап өтілді. Әлемнің жетекші акушер-гинекологтарының сөздеріне сүйенетін болсақ, тәуекел факторларын жүйелі түрде бағалау қажет, өйткені әрбір жеке тәуекел жалпы тәуекелдің артуына «үлесін» қосады.
Қонаев қалалық көпсалалы ауруханасының директоры, акушер-гинеколог Ракишева Айман Галимжанқызының айтуынша, бұл саммит MIS академиясының (MIS Academy) Дубай денсаулық сақтау басқармасымен бірлесіп өткізетін мүлде жаңа жоба болып табылады. Ал оған Қонаев қаласының дәрігерлері қатысуға мүмкіндік алғаны - үлкен жетістік. Осы сағатта дәрігерлер саммитте тәжірибелі мамандарды қызықтыратын, ота жасау арқылы босану мәселелеріне, соның ішінде операциядан кейінгі іріңді-септикалық асқынуларға, ауру болған кезде прегравидтік дайындыққа әсер ететін мағлұматтарды тыңдауда. «Кесар тілігінен» кейін жатырда сәйкес келмейтін тыртықтар, жүктілікті басқару және әйелдердің денсаулығында орын алып жататын орталық жүйке жүйесі аурулары, эпилепсия, инсульт, ми ісіктері, сондай-ақ өкпе аурулары, қалқанша безі, қынаптық инфекциялар туралы да көптеген маңызды мағлұматтар берілді. Бұл саммит ауыз толтырып айтарлықтай, ауқымды оқиғаға айналды және оған 30-дан астам елден 700-ден көп маман қатысып жатыр. Ол әртүрлі елдердің дәрігерлері ынтымақтастық пен тәжірибе алмасуға ұмтылатынының бірден-бір көрінісі болды.

Баспасөз қызметі