Бүгін, Қонаев қалалық көпсалалы ауруханасының кәсіподақ ұйымының төрайымы, дәрігер Қалиева Айнаш Алтайқызы және ардагерлер кеңесінің төрайымы Уәлиева Әлия Уәлиқызы қаланың құрметті азаматы, Ұлы Отан соғысының ардагері Бетебаева Оксана Демидқызына қонаққа барып қайтты.
Қарт әже биыл 102 жаста.
Соғыс басталғанға дейін Оксана Демидқызы медициналық училищені бітіріп, Петрово-Роменск аудандық ауруханасында медбике болып жұмыс жасаған екен.
1941 жылдың шілде айында, 20 жасында армия қатарына шақырылған бойжеткен, Полтава қаласындағы әскери госпитальда қызмет етіпті.
Оксана Демидқызы үшін қиын соғыс кезеңдерінің де жүрегіне жылы сезім ұялататын сәттері баршылық: ол әскери офицер Бекежан Бетебаевпен танысып, оған тұрмысқа шыққан сәті. Фашистік Германияны жеңгеннен кейін жас жұбайлар Қазақстанға оралады. Бірге Жаркент қаласына қызметке жіберіліп, Оксана Демидқызы өз мамандығы бойынша жұмысын жалғастырған екен. Кейін отбасы Қапшағай, қазіргі Қонаев қаласына қоныс аударыпты.
Оксана Бетебаеваның марапаттарының арасында 2-дәрежелі Отан соғысы ордені, Жуков медалі және басқа да көптеген мерейтойлық медальдар бар.
Ұлы Отан соғысының ардагерімен кездескен сәтте, аурухана қызметкерлері оған зор денсаулық тіледі!
Ешкім де ұмытылмайды!
Ештеңе де ұмытылмайды!

Бейбіт өмір үшін рахмет, Оксана Демидқызы!